Қостанайда полицейлер Тұңғыш Президент күніне көрме ұйымдастырды

Қостанайда полицейлер Тұңғыш Президент күніне көрме ұйымдастырды

ҚР Тұңғыш Президенті Күнін мерекелеу қарсаңында Қостанай облысының полиция департаментінде Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханамен бірлесіп "Ұлы тұлға есімі – Мәңгі тарих бесігі" атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты - ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы, қоғамның жаңаруы мен жаңғыруындағы тарихи рөлі мен үлесін көрсету. Тәртіп сақшыларының патриоттық сезімін қалыптастыру.
Облыс департаменті қызметкерлерінің назарына Елбасының өмір жолы, балалық және жастық шағы, жұмысшы мамандығын игеру және еңбек күндері, қоғамдық-саяси қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар мен басылымдар ұсынылды.
- Тұңғыш Президенттің өмір жолын зерделей отырып, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен бой көтергенін көруге болады, - дейді полиция майоры Ринат Кенжибаев.
2019 жылдың соңғы жаңалықтарының бірі - "Біздің Президент" кітабы. Ерекше кітапта Тұңғыш Президенттің жұмыс сапарлары кезінде түсірілген фотосуреттері бар.