
Полицейлер алаяқтықтың кезекті әрекетінің алдын алды: зейнеткер алаяқтарға 4 миллион теңге аударып жібере жаздады
2026 жылғы 5 тамыз күні сағат 17:30 шамасында Тәуелсіздік көшесі, 146 мекенжайында орналасқан Халық банкінен қоңырау түсті. Банк қызметкерлері халықаралық ақша аударымын жасағысы келген егде жастағы ер адам туралы хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 1947 жылы туған азаматты анықтады. Ол өз сөзінде Грузиядағы немересінің үйлену тойына 4 миллион теңге аудармақ болғанын айтқан.
Әңгімелесу барысында төрт күн бұрын оған өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалғаны белгілі болды. Олар азаматқа бұрын «Скорпион» дәрісіне тапсырыс бергені үшін 1 640 000 теңге көлемінде өтемақы тиесілі екенін, себебі дәріні сатқан адамдар алаяқ болғанын айтқан.
Өтемақыны алу үшін 2500 АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеу қажет екенін айтып, ер адам бұл соманы аударған.
Кейін қалған қаражатты қайтару үшін адвокаттар мен заңгерлердің қызметіне ақша төлеу қажет екенін, себебі сот процестері мен тергеу амалдары шығынды талап ететінін айтып сендірген.
Полиция ескертеді:
Алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін үнемі ойлап табады, бірақ олардың басты мақсаты өзгермейді — сіздің ақшаңызды иемдену.
Егер сізге өзін банк, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырған күмәнді адам хабарласса, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Ешкімге жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген кодтарды немесе құпиясөздерді айтпаңыз.
Егер алаяқтарға қандай да бір ақпаратты айтып қойған болсаңыз да, олардың нұсқауларын орындауды жалғастырмаңыз. Байланысты дереу үзіп, банкке хабарласыңыз.
Есіңізде болсын: ешқандай «қауіпсіз шот» болмайды. Сондай-ақ бұрын ұрланған ақшаны қайтару, өтемақы немесе басқа төлемдерді алу үшін ақша аударуды ешкім талап етпейді.
Полиция, банк немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтарға ақша аударуды, баж салығын, адвокаттардың қызметін немесе өзге де шығындарды төлеуді талап етіп ешқашан қоңырау шалмайды.
Сақ болыңыздар! Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласыңыздар.