
Қостанай облысында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
28–30 шілде аралығында Қостанай облысының аумағында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобильмен жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдайтын автобустарды, шағын автобустарды және өзге де көлік құралдарын тексереді. Ерекше назар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің Жол жүрісі қағидаларын сақтауына, еңбек және демалыс режимін орындауына, қажетті рұқсат құжаттарының болуына, рейс алдындағы медициналық және техникалық тексерулерден өтуіне, сондай-ақ жолаушылар тасымалын жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарының сақталуына аударылады.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушілермен және автокөлік кәсіпорындарының басшыларымен көлік тәртібін арттыруға, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Қостанай облысы полиция департаменті тасымалдаушыларды және барлық жол қозғалысына қатысушыларды заңнама талаптары мен Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жолаушылардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.