23 маусымда Қазақстанда Полиция күні атап өтіледі. Бұл — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл қазақстандық полицияның құрылғанына 34 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап полиция қоғамдық тәртіпті, заңдылықты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
Мерекеге орай Қостанай облысы полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Файзуллин жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, қызметкерлерге адал қызметі, жауапкершілігі және антқа беріктігі үшін алғыс білдірді.
Ішкі істер органдарының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Олар қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ жас қызметкерлерді тәрбиелеуге зор үлес қосты.
Іс-шараға қатысушылар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиын соңында үздік қызметкерлерге ведомстволық наградалар, алғыс хаттар және кезекті арнайы атақтар табысталды. Мерекелік іс-шара құттықтаулар мен концерттік бағдарламамен аяқталды.