
Қостанай облысында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді
Мал ұрлығының алдын алу, жолын кесу және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында 2026 жылғы 12–14 маусым аралығында Қостанай облысының аумағында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлау фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейтеді. Сондай-ақ малды ұстау, өткізу және тасымалдау орындары тексеріліп, осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын жауапкершілікке тартылған тұлғалар назарға алынады.
Мал иелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Полицейлер жануарларды уақытылы сырғалау мен есепке қоюдың, жайылым қағидаларын сақтаудың және малдың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың маңыздылығын түсіндіреді.
Жедел-профилактикалық іс-шара ауылдық жерлердегі қылмыс деңгейін төмендетуге, мүліктік құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Полиция азаматтарды қырағылық танытуға және ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз сою, тасымалдау немесе сату фактілері, сондай-ақ күмәнді тұлғалар мен көлік құралдары туралы дереу хабарлауға шақырады.