
«Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде Қостанай полицейлері көші-қон заңнамасының 170-тен астам бұзушылығын анықтады
Қостанай облысының аумағында «Нелегал – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның екі күнінде полиция қызметкерлері 4 шетел азаматын ел аумағынан шығарып, көші-қон заңнамасының 170-тен астам бұзушылығын анықтады.
Негізінен бұл шетел азаматтарының елімізде болу қағидаларын бұзу деректері.
Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзғаны үшін 107 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ішкі істер органдарына өздерінде шетел азаматтарының тұрып жатқандығы туралы хабарламағаны үшін Қазақстан Республикасының 54 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 12 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Күшейтілген рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер тұрғын үйлерге, пәтерлерге, жатақханалар мен саяжай алқаптарына тексеру жүргізуде. Сондай-ақ базарлар мен нарықтарға, шетел азаматтарының болуы ықтимал шалғай жерлерге — шаруа қожалықтарына, алыс жайылымдарға және егіс алқаптарындағы қоныстарға ерекше назар аударылуда.
Мәселен, 2026 жылғы 9 маусымда облыс орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде жақын шетел мемлекеттерінің 11 азаматы анықталды. Олар көпқабатты тұрғын үй құрылысында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Ал заңнамаға сәйкес оларға тек жеке тұлғалардың үй шаруашылығында еңбек етуге рұқсат берілген.
Сонымен қатар, Қостанай қаласында іс-шара барысында көрші мемлекеттердің бірінің 28 жастағы азаматы анықталды. Ол 2025 жылдың маусым айынан бастап полиция қызметкерлерінен жасырынып жүрген және сол жылғы 24 маусымдағы соттың елден шығару туралы шешімін орындамаған.
2026 жылғы 8 маусымда аталған құқық бұзушы полиция қызметкерлерімен анықталып, Қостанай қаласының Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының шешімімен оған 30 тәулікке дейін жүріп-тұру еркіндігін шектеу түріндегі превентивтік шара қолданылып, мәжбүрлі түрде елден шығару туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта шетел азаматы Қостанай қаласындағы арнайы қабылдау орнына орналастырылды. Сот шешімін орындау және құқық бұзушыны полиция қызметкерлерінің бақылауымен мемлекеттік шекараға дейін жеткізіп, ел аумағынан шығару мәселесі шешілуде.
«Нелегал-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 2026 жылғы 8–12 маусым аралығында өткізілуде.