
3-7 маусым аралығында Қостанай облысының аумағында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға және жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жолдағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының өкілдерімен, жұртшылықпен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстар кешенін жүргізуде. Негізгі назар балалар мен жасөспірімдердің Жол қозғалысы қағидаларын сақтауына, көшелер мен жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылуда.
Полицейлер балалар көп жиналатын орындарда профилактикалық рейдтер, түсіндіру кездесулері, акциялар мен ақпараттық іс-шаралар өткізіп, жас ұрпақтың жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде.
Қостанай облысы Полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге, оларға жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын күн сайын еске салып отыруға шақырады. Сондай-ақ жүргізушілерден білім беру ұйымдары, аулалар, балалар алаңдары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында аса мұқият болуды сұрайды.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.