
Алғашқы құжат — Қостанай облысы полиция қызметкерлерінен
Мамыр мерекелері қарсаңында Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері салтанатты жағдайда он алты жасқа толған азаматтарға жеке куәліктерін табыстады.
Жеке куәлік — Қазақстан Республикасының әрбір азаматы он алты жасқа толғанда алатын алғашқы ресми құжаты. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы азаматының алғашқы жеке куәлігін рәсімдеу тегін негізде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты әлемнің 79 еліне визасыз кіруге мүмкіндік береді, бұл оның халықаралық деңгейде жоғары мойындалғанын көрсетеді.
Полиция қызметкерлері жас азаматтарды маңызды оқиғамен құттықтап, елінің лайықты азаматы болуға, заңды сақтауға, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тілек білдірді.
— Қазақстан Республикасы азаматының алғашқы жеке куәлігін алу — әрбір жасөспірімнің өміріндегі маңызды кезең. Бүгіннен бастап сіздер өз елінің толыққанды азаматтарына айналасыздар. Құқықтармен қатар, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілік пен қоғам және мемлекет алдындағы міндеттер де жүктеледі. Сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау қажеттігін ұмытпаған жөн, — деп атап өтті Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.
Сонымен қатар Ұлы Жеңіс күніне арналған іс-шаралар аясында Отан қорғаушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қатысушылар Ұлы Отан соғысы батырларын бір минут үнсіздікпен еске алып, бейбіт өмір мен болашақ ұрпақ үшін жасалған ерліктеріне алғыс білдірді.