Қостанайда «Погондағы журналист» жобасының қатысушысы марапатталды

Қостанайда «Погондағы журналист» жобасының қатысушысы марапатталды

Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан «Тоболинфо» ақпарат агенттігінің штаттан тыс журналисі Динара Өтебаеваға алғыс хат табыс етті.

Марапат республикалық «Погонадағы журналист» байқауына қатысқаны үшін берілді. Аталған жоба аясында журналистер құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады. Жоба барысында Динара Өтебаева бір күн бойы криминалистердің жұмысына етене араласып, олардың қызмет ерекшеліктерімен, оқиға орындарын қарау әдістерімен және қолданылатын арнайы жабдықтармен танысты.

Полиция қызметкерлері криминалистикалық жұмыстың қыр-сырын жан-жақты түсіндіріп, көшпелі криминалистикалық чемодандардың құрамын көрсетіп, қылмыстарды тергеу барысында қолданылатын тәжірибелік әдістерімен бөлісті. Жиналған тәжірибе криминалистердің күнделікті әрі жауапты еңбегіне арналған журналистік материалдың негізіне айналды.

Дайындалған материал Ішкі істер министрлігі басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, осының нәтижесінде алғыс хат табысталды. Полиция департаментінде мұндай жобалардың құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға, сондай-ақ полиция қызметі туралы объективті көзқарас қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.