Қостанайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Біздің полиция» атты фотокөрме өтті. Іс-шара Kostanay Plaza сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылып, ол жай ғана суреттер көрмесі емес, күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет ететін адамдар туралы шынайы бейне болды.
Көрмеге келгендер полицияның шынайы бейнесін, яғни, әсіреленбеген, бірақ мінезі, ерлігі мен қызметіне деген адалдығы айқын көрінетін сәттерін тамашалады. Көрмеде патрульдік қызметтің күнделікті жұмысы, жедел іс-шаралар, балалармен қарым-қатынас, төтенше жағдайлардың салдарын жою, сондай-ақ кинологтар, криминалистер мен арнайы бөлім қызметкерлерінің күнделікті қызмет көріністері бейнеленген.
«Біз формадағы адамды ғана емес, оның ар жағындағы тұлғаны көрсеткіміз келді. Полиция — ең алдымен сезімі бар, таңдауы бар, жауапкершілігі бар адам. Бұл қызмет тек заңды білуді ғана емес, жанашырлықты, батылдықты және рух күшін талап етеді», — деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ,криминалистер және кинологтар тудырды. Олар шараға өздері қатысып, келушілермен сөйлесті, арнайы құрал-жабдықтармен таныстырды және қызметтік иттердің жұмысын көрсетті.
«Көп жағдайда біз тек нәтижені, қылмыскерді ұстау барысы немесе тексеру жұмыстарын көреміз. Ал оның артында қаншама еңбектің жатқанын ойлай бермейміз. Бұл көрме сол еңбектің шынайы бейнесін көрсетті», — деді көрме қонақтарының бірі өз әсерімен бөлісіп.
Кішкентай келушілер үшін ұйымдастырушылар интерактивті аймақ дайындады. Балаларға ойыншық патрульдік машиналар сыйланып, викториналар мен полиция қызметі туралы қызықты ойындар өткізілді.
«Ең қымбаты — балалардың шынайы көзқарасы. Егер бала: “Мен де полицей болғым келеді” десе, демек, сен бәрін дұрыс істеп жүрсің», — дейді Карина Базарбаева.
«Біздің полиция» фотокөрмесі қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Ол полиция — бұл абстрактілі құрылым емес, жанымыздағы адамдар екенін еске салды. Олар алғыс күтпейді, бірақ қоғам олардың еңбегін бағалағанда шын қуанады.
«Полиция — халықпен бірге. Бұл жай ғана ұран емес — бұл біздің ұстанымымыз. Біз ашықпыз және қызмет етуге әрқашан дайынбыз», — деп қорытындылады ұйымдастырушылар.