«Жылдамдықты асырамын деп — өміріңді тоқтатып алма»: жол үстіндегі ерекше акция

«Жылдамдықты асырамын деп — өміріңді тоқтатып алма»: жол үстіндегі ерекше акция

Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тас жолында жүргізушілерді жай ғана кезекті жол-полиция бекеті емес, ерекше іс-шара күтіп тұрды. Қостанай облысы Полиция департаменті ұйымдастырған перфоманс форматындағы акция рөлде қателесуге болмайтынын еске салды. Жылдамдықты асырған әр сәт — асығыстық пен өмір арасындағы таңдау.

Жыл басынан бері 11 адам қаза тапты. Бұл — тым көп

Дәл осы жол профилактикалық іс-шара өткізу үшін бекер таңдалған жоқ. Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабичтің айтуынша, жыл басынан бері мұнда 31 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 11 адам қаза тауып, 54 адам жарақат алған.

— Құрбандардың саны мен апаттардың ауырлығы негізінен республикалық маңызы бар трассаларда орын алады. Мәселен, тамыз айында осы жолда Kia мен Волга көліктері соқтығысып, соңғысының жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Біздің мақсатымыз — жай ғана еске салу емес, эмоциялық әсер қалдыру. Жүргізуші салдарын көргенде бір сәтке емес, ұзақ уақытқа ойланса дейміз, — деді ол.

Жан түршіктіретін көрініс: біреудің қайғысы іспетті апат сахнасы

Жол жиегінде — қираған көлік. Оның айналасында полицейлер, құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеп жүр. Бәрі шынайы жол апаты сияқты. Тек бұл — қойылым. Бірақ айналадағы үрей мен қысым айқын сезілді.

Жанынан өтіп бара жатқан жүргізушілер алғашында түсінбей жылдамдықты азайтты. «Жылдамдықты асырамын деп — өміріңді тоқтатып алма» деген баннерді көргеннен кейін ғана «жол апатын» байқады. Бірі жылдамдығын бәсеңдетіп, енді бірі не болып жатқанын түсіну үшін телефонына түсіріп алады.

— Басында бұл нағыз жол апаты деп ойладым, — деп мойындады Свердлов облысының фура жүргізушісі Саид. — Таңғалғаным, полицейлер тек қана заң бұзушыларды ұстаумен шектелмей, сөйлесуге тырысады екен. Маған су ұсынды, демалуға кеңес берді. Өйткені жол шынымен ауыр ғой.

Саид Астана қаласына бағыт алған. Жолда бейқам жүргізушілерді жиі кездестіретінін айтты. Мәселен, жеңіл көліктер қауіпті түрде қарсы жолаққа шығып кетеді және тұтас сызықты елемейтін кездер болады.

— Осылайша, олар өздерін ғана емес, өзге адамдардың да өміріне қауіп төндіреді, — дейді ол.

Жаза емес, профилактика

«Жол апатынан» кейін бірнеше жүз метр өткен соң, полицейлер көліктерді тоқтатты. Бірақ құжат тексеру үшін емес. Олар жүргізушілерден қайда бара жатқанын сұрап, жадынамалар берді, шаршағанын сезсе, аялдап, су ішіп, сергіп алуына кеңес берді.

Тоқтатылғандардың арасында — Оралдан Көкшетауға бара жатқан ерлі-зайыптылар да бар. Олар қойылымды бастан-аяқ көрген.

— Қазір сіздер қойылым ретінде көрсетілген жол апатының көрінісіне куә болдыңыздар, — деді полицей. — Біз тек ескертіп қана қойғымыз келеді: жылдамдықты азайтыңыздар, абай болыңыздар. Шаршадыңыздар ма — тоқтаңыздар, сергіп алыңыздар.

Бұл — жай ғана сандар емес, бұл — біреудің өмірі

Осындай форматтағы профилактика сирек кездеседі. Дәл сол үшін де ол әсерлі болды. Сен тек қана полицейді емес, «апатты» жақыннан көргенде, дабыл дыбысын естігенде, сынған әйнекті, зембілді байқағанда — сандар статистика болудан қалады. Бұл енді «11 қаза тапқан адам» емес, бұл — біреудің әкесі, қызы, бауыры.

Ойланып қарасаң, кез келген адам бұл тізімде болуы мүмкін еді.

«Жылдамдықты асырамын деп — өміріңді тоқтатып алма»: деген баннердегі сөз жай ғана ұран емес, жеке ескертуге айналады.