Ер есімі - ел есінде! Қостанайда генерал Самат Бәкіровтың 100 жылдығы аталып өтті

Ер есімі - ел есінде! Қостанайда генерал Самат Бәкіровтың 100 жылдығы аталып өтті

Қостанай облысы Полиция департаментінің ғимаратында туған-туыстары, ардагерлер мен қызметтегі жеке құрам жиналып, милиция генерал-майоры Самат Смағұлұлы Бәкіровты еске алып, құрмет көрсетті. Бұл күні тек мерейтойды ғана атап өткен жоқпыз. Біз тарихтың бір бөлігіне айналған адамның өмірі мен ерлігін еске алдық.

Генерал Бәкіров — жай ғана офицер емес. Ол — Отанға, халыққа адал қызмет етудің шынайы үлгісі. Оның өмір жолы — 2-ші Украин майданындағы соғыс жылдары, Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен ішкі істер саласында жарты ғасырға жуық атқарған қызметі — мақтануға тұрарлық тарих.

Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин атап өтті:
«Самат Смағұлұлы — аңыз адам. Оның өмір жолы еңбектенумен, адамдарға қамқорлықпен өтті. Ол ішкі істер органдарының дамуына зор үлес қосты. Бүгін біз тек еске алып қана қоймай, шынайы алғысымызды білдіріп отырмыз».

Мерейтойлық марапат — ұрпақтар алғысының белгісі

Іс-шара аясында генерал Бәкіровтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды. Марапат иелерінің қатарында оның туған-туыстары мен ардагерлер бар:
Болат Бәкіров, Замзагүл Бәкірова, Амангелді Өмірбаев, Өмірзақ Ихтиляпов, Алексей Лабазов, Ақылбек Шаяхметов, Бақытжан Каримов, Сания Хакимова, Фарбахану Ержепова, Владимир Мартынюк, Қажғали Нұрпейісов, Базарбай Ағыбаев, Жақсылық Есетов, Анатолий Чернавин.

Бұл марапат — ұрпақтар сабақтастығының, қызметке деген құрметтің және мәңгі есте сақтаудың символы.

Әскери қызметкер, реформатор, іс адамы

1990 жылға дейін генерал Бәкіров Қостанай облыстық ІІБ-ны басқарды. Оның жетекшілігі кезінде жаңа басқарма ғимараты, госпиталь, «Динамо» спорт кешені және қызметкерлер мен олардың отбасына арналған тұрғын үйлер салынды. Бұл нысандар тек қызмет жағдайын жақсартып қана қойған жоқ, кәсіби әрі ұйымшыл ұжымның қалыптасуына негіз болды.

Алғыс: генерал туралы естеліктер

Іс-шара барысында генералдың өмірі мен қызметіне арналған бейнеролик көрсетілді. Әріптестері мен шәкірттері оның кәсібилігін, қатаңдығы мен адамгершілігін, әкелік қамқорлығын еске алды.

Архивтік кадрларда қызметтік сәттер, жиналыстар, жеке құрам және ардагерлермен кездесулер көрсетілді. Отбасылық фотосуреттер генералдың мейірімге толы жеке әлемін паш етті. Бұл бейнематериал тек естелік қана емес, Самат Бәкіров тұлғасының ауқымын айқындайтын шынайы дәлел болды.

Із қалдырған сөз

Генерал Бәкіров тек қызметте ғана емес, әдебиетте де өзін көрсетті. Ол ішкі істер қызметкерлерінің күрделі еңбегіне арналған бес детективтік повестьтің авторы. Оның қазақ тілінде жазылған алғашқы кітабы «Түнгі оқиға» қазақстандық детективтің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтан жоғары баға алды. Тіпті Тоқаев шығармаларының бірінде Бәкіровты басты кейіпкер бейнесінде сомдаған.

1984 жылы жарық көрген «Мираж» повесінің 15 мың даналық тиражынан түскен қаламақыны түгелдей балалар үйіне тапсырды. «Лабиринт», «Ұзынкөл оқиғалары», «Еңбексіз табыс» сияқты еңбектері мамандықтың ішкі әлемін ашып, борыш пен ерліктің көркем бейнесіне айналды.

Ұрпаққа үлгі

Іс-шара барысында генералдың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды. Бұл сәт шынайы құрмет пен мемлекетке өмірін арнағандарға деген алғыс белгісі болды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Құлбеков атап өтті:
«Генерал Бәкіров — ұмытылмас тұлға. Оның жолы — майдангерден генералға дейінгі еңбек, адалдығы мен қарапайымдылығы — мыңдаған адамның тағдырына із қалдырды».

Генералдың ұрпақтары да оның жолын жалғастыруда. Балалары мен немерелері ІІМ, ҰҚК және прокуратура жүйесінде қызмет етуде. Бұл — жай ғана әулеттік дәстүр емес, ар-намыс пен азаматтық жауапкершілікті бейнелейтін тірі сабақтастық.

Істерде мәңгілікке қалған есім

Генерал Самат Бәкіровтың есімі тек жүректерде ғана емес, істерде де мәңгілік. Оның аты Павлодардағы бір көшеге берілген, ІІМ ғимараттарына ескерткіш тақталар орнатылған. Туған жері - Баянауылда ескерткіш қойылды. Ал оның есімімен аталған балалар лагерьінде жыл сайын Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілері демалады.

Бұл бастамалар — жай ғана нышан емес. Олар адалдық пен халыққа қызмет етудің, мамандыққа деген шынайы берілгендіктің тарихта мәңгі қалатынын еске салады.