Бүгін Қостанай қаласындағы №16 балабақшада ерекше көңілді де танымды күн болды! Балаларға қонаққа полицейлер келіп, нағыз «қауіпсіздік мерекесін» ұйымдастырды.
Балғындар қонақтарды үлкен қызығушылықпен қарсы алды. Себебі патрульдік көлік жарық шамдарымен күнде келе бермейді! Балаларға қызметтік автокөліктің ішіне кіріп көруге, тіпті жүргізуші орнына отырып, өздерін полицей сияқты сезінуге мүмкіндік берілді.
Жол қозғалысы ережелерін үйренеміз
Кездесу барысында Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич балаларға жол қозғалысы ережелері бойынша қызықты сабақ өткізді. Олар:
- жол белгілерінің мағынасын;
- жолды дұрыс қалай кесіп өту керектігін;
- жаяу жүргінші өткелі не үшін қажет екенін;
- және көлік жолының жанында не істеуге болмайтыны туралы қайталады.
Патрульдік полиция инспекторы бүлдіршіндерге реттеушінің қимылдарын көрсетіп, кейін балалардың өздеріне қайталап көруді ұсынды. Осылайша нағыз «шағын-бағдаршам» пайда болды!
Полиция не дейді?
Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету – олардың жұмысының аса маңызды бөлігі екенін атап өтті:
«Мектепке дейінгі жас – мінез-құлық негіздері қаланатын кезең. Егер бала кішкентайынан жолда өзін қалай ұстау керектігін, қауіпті қалай тануды және кімге сену керектігін білсе – бұл олардың қауіпсіздігіне үлкен қадам. Біз тек жолды қалай кесіп өту керектігін ғана үйретпейміз, біз балаларды мұқият болуға, қауіпсіздігін ойлауға және ережелерді құрметтеуге баулимыз. Әрине, осындай кездесулер арқылы біз полицияға деген сенімді қалыптастырамыз – балалар біздің әрдайым жанында екенімізді және көмекке дайын екенімізді білуі керек», – деді ол.
Ойын арқылы үйрету
Балабақша директоры Галина Травкина да балаларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті:
«Бізде жол ережелеріне арналған арнайы интерактивті бұрыштар бар, әр топта өздерінің стендтері, жол белгілерінің макеттері, жаяу жүргінші өткелдері мен ойыншық көліктер қойылған. Мұның бәрі балаларға ойын арқылы жолда өзін қалай ұстауды үйретеді. Ал полицейлермен осындай кездесулер оқу процесін одан да қызықты әрі есте қаларлық етеді», – деді Галина Николаевна.
Ел аумағында «Назар аударыңыз – балалар!» акциясы
Іс-шара балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған республикалық «Назар аударыңыз – балалар!» акциясы аясында өтті. Осындай кездесулер жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылуда.
Іс-шара соңында балалар естелік жадынамалар алып, полицейлермен бірге естелік суретке түсті. Күлкі, қуаныш, эмоция және... жаңа ақпарат – осы күннің басты сыйы болды!