«Нашақорлыққа қарсы триатлон»: Қостанайда салауатты өмір салтын қолдауға арналған жүзу марафоны өтті

«Нашақорлыққа қарсы триатлон»: Қостанайда салауатты өмір салтын қолдауға арналған жүзу марафоны өтті

Ауа райының бұлтты әрі жауын-шашынды болғанына қарамастан, шамамен қостанайлық 30 спортшы 6 шақырымдық қашықтықты жүзіп өтті. Олар бұл әрекеті арқылы ерік-жігерін, төзімділігін және салауатты өмір салтына деген ұмтылысын көрсетті.

Жүзу марафоны «Мохито» жағажайынан басталып, қалалық жағажайда аяқталды. Қатысушылар ұзақ қашықтықпен қатар, толқындарға да төтеп беруге мәжбүр болды. Алайда ауа райы да, су кедергілері де жасөспірімдер мен ересек жүзушілерді тоқтата алмады. Спортшылардың қауіпсіздігін құтқарушылар қамтамасыз етті.

Жүзуге 15 жастан асқан оқушылар мен ересек спортшылар қатысты. Олардың арасында Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Никита Белашов та бар. Ол спортпен 11 жыл бойы айналысып келеді, ал былтырдан бастап триатлонға қызығушылық танытқан:
«Жаңа бір нәрсені байқап көргім келді. Ол ұнап қалды. Осындай маңызды іс-шараға қатысып жатқаным үшін өте қуаныштымын», — дейді ол.

Қостанай облысының триатлон бойынша аға жаттықтырушысы Юрий Гринев атап өтті:
«Триатлон – бұл тек спорт емес, бұл – өмір философиясы. Біз балалармен бірге нашақорлыққа қарсы бастаманы қолдауға шешім қабылдадық, өйткені жеке үлгі арқылы белсенділік, күш-жігер мен тәртіп кез келген тәуелділіктен әлдеқайда артық екенін көрсетуге болады».

Жүзу барысында спортшылар қысқа үзіліс жасап отырды. Себебі жүзіп өтетін қашықтық оңай болған жоқ. Дегенмен, барлық қатысушы мәреге сәтті жетті, шаршағанымен, көңілдері тоқ. Мәре сызығында оларды полиция қызметкерлері қарсы алып, алғысын білдіріп, «Есірткіге жол жоқ!» деген ұран жазылған жейдешелер мен бас киімдер табыстады.

Қостанай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилова атап өтті:
«Біз ресми акциялардан бас тартып, жастарды шынымен қызықтыратын ерекше форматтағы іс-шаралар өткізуді көздейміз. Азаматтық сектордың бізге қолдау білдіріп отырғанына қуаныштымыз. Біз бірге жас ұрпақтың бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастырып жатырмыз».

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 47 келіден астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 2,5 килограмнан астам синтетикалық заттар бар. Бұл — заңсыз айналымға түспей қалған 8,5 мыңнан астам бір реттік доза.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық іс-шаралар жалғасын табады. Ең бастысы – жастарға спортпен шұғылдану, денсаулық пен белсенді өмір салтын ұстану – ең дұрыс таңдау екенін жеткізу.