Қоғамдық тәртіпті қорғауда – 33 жыл: Қостанайда Қазақстан полициясы күні аталып өтті

Қоғамдық тәртіпті қорғауда – 33 жыл: Қостанайда Қазақстан полициясы күні аталып өтті

27 маусымда Қостанай қаласындағы Жастар сарайында Қазақстан Республикасы полициясының құрылғанына 33 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, бөлім басшылары, әкімдік өкілдері және құрметті қонақтар жиналды. Салтанатты іс-шара Қостанай облысы Полиция департаментінің Туын енгізу және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне адал еңбегі, өңірдің қауіпсіздігіне қосқан үлесі және борышына деген адалдығы үшін алғысын білдірді.

Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Файзуллин өз сөзінде қазіргі жағдайда полиция жұмысы үлкен жауапкершілікті, ерлік пен толықтай жанкештілікті талап ететінін атап өтті:

«Біз күн сайын алдыңғы шептеміз — құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын қорғаймыз. Біздің жұмысымызға қоғамның сенімі мен мемлекеттің тұрақтылығы тәуелді. Бүгінде кәсібилік пен шен абыройын сақтау бұрынғыдан да маңызды».

Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысның берген тапсырмаларын жеткізді.

Қызметімен ерекшеленгендер — назарда

Бұл күні қызметте көзге түскен 20-дан астам қызметкер мен ардагерге ведомстволық және облыстық марапаттар табыс етілді.

ІІМ-нің «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталғандар:

- Арман Ищанов – Рудный қалалық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы;

- Марат Нұрымбетов – Қостанай қалалық патрульдік полиция батальонының рота командирі.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар:

- Карина Базарбаева – Қостанай облысы ПД ақпараттық саясат бөлімінің басшысы;

- Талғат Аулабаев – патрульдік полицияның аға инспекторы;

- Нұржан Молдашов – Қостанай қаласы ПБ учаскелік инспекторы;

- Тамерлан Ерденов – Қостанай ауданы ПБ жедел қызметкері;

- Руслан Аужанов, Марат Мурзагалеев, Нұрлан Бақытқалиұлы – Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ Академиясы бастығының орынбасарлары;

- Сұлтан Сейльбеков – академияның оқу-жаттығу бөлімінің курс бастығы.

ІІМ Министрінің бұйрығымен полиция полковнигі арнайы атағы мерзімінен бұрын берілді:

- Марат Сахратов,

- Қанатбек Жұматов.

Полиция подполковнигі атағы берілді:

- Дәурен Тоқтамысов – Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың взвод командирі.

Ардагерлерге құрмет

Полиция департаментінің Құрмет грамоталары мына ардагерлерге табысталды:

- Амангелді Умербаев,

- Николай Баранов,

- Алексей Лабазов,

- Илья Ким,

- Тұрсынбай Садвакасов.

Ерлік, борыш және жүректен шыққан ән

Мерекелік іс-шараның шырайын полиция қызметкерлерінің балаларының «Елім менің» әнін орындауы, «Достар» вокалдық тобының және офицерлердің өнер көрсетулері аша түсті. Полиция академиясы курсанттарының вальсі дәстүрге деген құрмет пен жаңа ұрпаққа үміттің символына айналды.

Көрермендерді толқытқан сәт – полиция майоры Ержан Әуезбековтің орындауындағы «Жалған өмір-ай» әні болды. Ән бейнежазбамен қатар жүріп, қызмет барысында қаза тапқан әріптестерге арналды. Көпшілік көз жасына ерік берді.

Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндетін орындау кезінде Қазақстанда 830 полиция қызметкері қаза тапқан, оның ішінде 52-сі — Қостанай облысынан.

Олардың есімдері халық жадында, ерлігі ел тарихында мәңгі сақталады.

Қызмет — жай ғана жұмыс емес

Полициядағы қызмет — бұл жай ғана кәсіп емес, ол - өмір салты. Бұл — тәртіпті, әділдікті және заңды қорғау жолында күн сайын жасалатын таңдау.

Құрметті полиция қызметкерлері, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Қызметтеріңіз қауіпсіз, ал қоғам мен мемлекеттің қолдауы тұрақты болсын!