Қостанай облысы полициясының жұмыс есебі: профилактикаға, технологияға және қауіпсіздікке басымдық

Қостанай облысы полициясының жұмыс есебі: профилактикаға, технологияға және қауіпсіздікке басымдық

Қостанайда Полиция мен халық арасында кездесу өтті. Іс-шара қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Студенттер сарайында облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері азаматтарға толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік беретін жұмыс алаңдарын ұйымдастырды. Кейін Қостанай облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Файзуллин 2025 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Кездесу барысында қылмыс және есірткі бизнесімен күрес, цифрландыру, балалардың қауіпсіздігі сияқты кең ауқымды тақырыптар қамтылды.

Қауіпсіздік пен алдын алуға басымдық: аймақтағы жағдай тұрақты

Ерлан Файзуллиннің айтуынша, "облыс аумағындағы жағдай тұрақты. 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен". Дегенмен, қылмыстарды тіркеу 1,7%-ға өсті. Бұл — бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатқызылған ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаттарының құқықтық саралануының өзгеруімен байланысты.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша оң динамика байқалды: тиісінше 17,9% және 42,9%-ға төмендеген. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру (-3,2%), бөтеннің мүлкін ұрлау (-35,7%), тонау (-13%), бопсалау (-63,6%) және бұзақылық (-66,7%) фактілері азайды. Қылмыстардың ашылу деңгейі 2,7%-ға артты. Барлық кісі өлтіру, зорлау және қарақшылық шабуылдар ашылды.

Файзуллин алкогольдің қылмыстық жағдайға әсерін ерекше атап өтті: "әрбір төртінші қылмыс мас күйінде жасалған". Кісі өлтіру мен ауыр дене жарақаты фактілерінің жартысынан көбі де — осы санатта. Өңірде алкогольден бас тартқан елді мекендер саны артып келеді. Қазір мұндай 16 ауыл бар, онда бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық немесе отбасылық зорлық-зомбылық тіркелмеген.

Есірткіге қарсы стратегия: зертханаларды жою және интернеттегі жарнаманы бұғаттау

Есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейтілді. 45 келіден астам психоактивті заттар, оның ішінде 2,4 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. "Кибернадзор" жүйесінің көмегімен 452 интернет-сілтеме мен жарнама таратқан боттар бұғатталды.

Облыс аумағында 8 есірткі зертханасы жойылды. Мәселен, Рудный тұрғыны пәтерінде фитолампалармен жабдықталған жылыжай орнатқан. Жыл басынан бері 96 адам қылмыстық жауапқа тартылды, олардың арасында бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. "Студенттер мен жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тарту — ерекше алаңдатарлық мәселе", — деді генерал.

Отбасылық зорлық-зомбылық: 2000-нан астам агрессор жазаланды

Отбасындағы қылмыстар саны 157,9%-ға өсті. 42 адам дене жарақатын алған, 3 адам қайтыс болды. Агрессорлармен мақсатты профилактикалық жұмыс жүргізілуде. 2000-нан астам адам жауапкершілікке тартылып, 1165-і үшін қорғаныс нұсқамалары шығарылды.

Облыста отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған екі қолдау орталығы жұмыс істейді. Биылғы жылы оларға 39 адам, негізінен әйелдер мен балалар жүгінді.

Жасөспірімдер мен есепте тұрған отбасылар бақылауда

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 27%-ға азайды. Түнгі уақытта ересектерсіз жүрген 1500-ден астам бала анықталды. Файзуллин ата-аналардың бақылауы маңызды екенін атап өтті:

"Құрметті ата-аналар! Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда."

"Таза Қазақстан": экология мен тәртіп үшін

Қостанай облысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерімен күрес жалғасуда. Мобильді топтар 3300-ден астам рейд жүргізді. Қостанай ауданында — 2, Жітіқара мен Амангелдіде бір-бірден қоқыс орны анықталып, жойылды.

"Таза Қазақстан" акциясы аясында абаттандыру ережелерін бұзудың 4000-нан астам және қоғамдық орындарды ластаудың 800-ге жуық фактісі тіркеліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол қауіпсіздігі: күрт нашарлаған жағдай

Жол-көлік оқиғалары саны төрт есеге өсіп, 87-ден 338-ге жетті. 492 адам зардап шекті. Негізгі себеп — жол ережелерін бұзу, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдерінде.

"Ekin patrol", "Оракул", "Ekin X-Spotter", "ПаркPайт" секілді бейнетіркеу жүйелері енгізілуде. 1330 шақырым жол жөнделуде. Бірақ тек 1,8% жол қауіпсіздік талаптарына сай келеді.

 

 

 

Киберқылмыстар: интернеттегі алаяқтық артуда

Киберқылмыстар 27%-ға өсіп, келтірілген залал 1 млрд теңгеден асты. Қылмыс құрылымындағы үлесі 30%-дан жоғары. 234 “дропер” есепшоты анықталды, олардың көмегімен қылмыскерлер қаржыны иемденіп отырған.

Профилактикалық жұмыстар аясында 800 флайер таратылып, 15 мың плакат орналастырылды.

Заң саласындағы цифрландыру

Файзуллин электронды білезіктердің енгізілуі, 1180 бейнебақылау камерасының орнатылуы, "102" мобильді қосымшасының жұмысы туралы айтты. Камералар жоғары оқу орындарының 100%, мектептердің 71%-ын қамтиды. Жыл соңына дейін тағы 522 камера орнатылады.

Қостанай, Жітіқара және Арқалық қалаларында жедел басқару орталықтары ашылады. Сонымен қатар, пилоттық режимде азаматтардың өтініштерін өңдеуде жасанды интеллект қолданыла бастады.

Атты полицей жасағы енді қайта құрылмайды

Кездесудегі өтініштердің бірі атты полицей жасағын қайта құру қайтару туралы болды. Киев кентінің және "Садовод-строитель" бау-бақшы қоғамы тұрғындарының өкілі: "Атты полицей жұмыс істеген кезде ұрлық аз болды, адамдар өздерін тыныш сезінді. Енді ұрлықтар болып, сонымен қатар есірткі таратушылар үнемі жүреді. Осыған байланысты тұрғындар арасында үрей бар".

Генерал-майор нақты жауап берді: "Біз екі жыл бұрын атты полицейдің жұмысын тоқтаттық. Бүгінгі таңда басқа әдістер басымдыққа ие. Бүгін біз жоғары технологиялар, жасанды интеллект туралы айтып отырмыз, сондықтан осы тақырып аясында біз 10 дрон алатынымызды хабарлағым келеді. Олар соның ішінде сіз айтып отырған қиын аудандарда бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі”.

Ол қалалық полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметі басшылығына тапсырма берді.

Балалар қауіпсіздігі — басты назарда

Жаз мезгілінде 12 жазғы лагерьде ювеналды полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Балалар тасымалданатын автобус бағыттары полицияның сүйемелдеуімен жүреді.

Қорытынды және болашаққа жоспар

Полиция генерал-майоры Файзуллиннің баяндамасы — тек сандар жиынтығы емес, полицияның заманауи технологиялар мен қоғаммен тығыз байланыс арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын екенін көрсетті:

"Қылмыспен күрес — тек полицияның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Тек күш біріктіру арқылы ғана балаларымызды қорғай аламыз", — деді ол