Қостанайда салауатты болашақты қолдау мақсатында жаппай велошеру өтті

Қостанайда салауатты болашақты қолдау мақсатында жаппай велошеру өтті

Қостанайда «Біз есірткіге қарсымыз! Болашақты сақтайық!» ұранымен жаппай велошеру ұйымдастырылды. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Іс-шара Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын есірткіге қарсы айлықтың бастамасы болды.

Акцияны Қостанай облысының Полиция департаменті, Қостанай қаласы әкімдігінің білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Қостанай велосипед қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі және «Қостанайдың жас көшбасшылары» үкіметтік емес ұйымы бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев сөз сөйледі:

— Бүгінде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, спорт алаңдары салынып, түрлі үйірмелер ашылуда. Сонымен қатар, осындай маңызды іс-шаралар өткізілуде. Велошеру — бұл жай ғана спорттық іс-шара емес, бұл салауатты қоғамды қалыптастырудағы маңызды қадам.

Жарыс басталар алдында қатысушыларға «Есірткіге жол жоқ!» деген ұран жазылған бас киімдер мен жейделер таратылды.

Қауіпсіздік ережелері бойынша қысқаша нұсқаулық берілгеннен кейін, велосипедшілер колоннасы Жастар бульварынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жағалауына дейінгі 10 шақырымдық маршрутпен жолға шықты. Полиция қызметкерлері әр қиылыста қозғалысты реттеп, патрульдік көліктермен қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Велошеру жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ешқандай оқыс оқиғасыз өтті.

Қостанай облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аға жедел уәкілі Айгүл Ераділованың айтуынша, мұндай іс-шаралар нашақорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады:

— Бірінші кезекте, мұндай іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттайды және жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға көмектеседі.

Қатысушылар арасында спортшы Денис Раздрогов та болды. Ол алты жылдан бері велосипед спортымен белсенді айналысып келеді. Осы уақыт ішінде «Тың — Целина» спартакиадасының жеңімпазы атанды. Өткен жылы ол бір күнде ұйқысыз 600 шақырымды жүріп өткен. Сонымен қатар, Қостанайдан Екатеринбургке небәрі екі күнде жеткен. Жақын арада ол Алтайға аттанып, Қазақстанның үздік жеті велосипедшісі құрамында үш күнде 1200 шақырым жолды еңсермек.

Қатысушылар жағалауға жеткенде оларды туыстары, достары және қоғамдық ұйым өкілдері қарсы алды.

— Мұндай акцияларға қатысу — бұл ортақ іске қосқан үлесіміз. Нашақорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болуы тиіс. Жан-жақтан жиналған белсенді жастарды көріп, ерекше қуандым! — деп бөлісті есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Диана Туякбаева.

Іс-шара Қалалық балалар шығармашылығы мектебі тәрбиеленушілерінің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасымен аяқталды.