Қарағандылық полицейлер мал ұрлығының жолын кесті
Қарағанды облысында тәртіп сақшылары бірнеше рет қайталанған қой ұрлығы дерегін ашты. Оқиға Ғабиден Мұстафин атындағы кентте тіркелді. Қыс мезгілінің аязды күндерінің бірінде 56 жастағы жергілікті тұрғын полицияға шағым түсіріп, күздің басында белгісіз біреулердің оның қорасынан үш қойды ұрлап кеткенін, араға уақыт салып тағы үш бас мал жоғалғанын хабарлады. Жалпы шығын көлемі 480 мың теңгені құрады.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында екі күдіктіні анықтады. Олардың бірі – 24 жастағы қала тұрғыны, екіншісі – 19 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Қылмыстық іс аясында жүргізілген жауап алу кезінде күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, мал ұрлығын қалай ұйымдастырғандарын егжей-тегжейлі айтып берді. Олар тергеу-жедел тобына ұрланған қойларды сойып, етін бөлшектеген жерлерін көрсетіп, айғақ заттар – терілерді, аяқтар мен бастарды қалай жойғандарын көрсетті. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық материалдары сотқа жолданып, заң аясында шешім қабылдау күтілуде.