Қарағанды облысында заңсыз аңшылық фактісі анықталды
Қарағанды облысында сирек кездесетін киіктерді қорғауға және браконьерлікпен күреске бағытталған «Киік» жедел алдын алу шарасы аясында кезекті заңбұзушылықтың жолы кесілді. Облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Қарағанды қаласының патрульдік полициясымен бірлесе отырып, рейдтік іс-шара барысында Астана қаласының 44 жастағы тұрғыны басқарған автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде көлік ішінен жабайы жануардың еті табылды. Алдын ала жүргізілген сараптама бұл еттің мемлекет қорғауындағы ақбөкенге (киікке) тиесілі екенін көрсетті. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы («Заңсыз аңшылық») және 339-бабы («Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлармен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы мен қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бағытында тергеу амалдары жүргізілуде. «Киік» акциясы өңірдегі биоалуан түрлілікті сақтау және табиғатқа немқұрайлы қарауға жол бермеу мақсатында жалғасып жатыр. Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы заңсыз аңшылықтың алдын алуға бағытталған жұмысын жалғастыра береді және табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін еске салады.