Қарағандыда Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты концерт өтті. Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай кең көлемді мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараны Қарағанды облысы Полиция департаментінің көркемөнерпаздар ұйымы өткізді. Салтанатты жиынға Полиция департаментінің қызметкерлері, 6505 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі, Мамандандырылған күзет қызметі мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қатысты. Концерт барысында тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер көрермендерге патриоттық рух сыйлаған әсерлі әндер орындап, көпшілікті Отанға деген сүйіспеншілікке баулыды.
– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр. Басты мақсат – Отан үшін жанын қиған ардагерлердің ерлігін ұмытпай, келер ұрпаққа үлгі ету. Бүгінгі концертте патриоттық әндер шырқалып, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да өз өнерлерін көрсетті. Бұл – аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі, – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков.
Кеш соңында соғыс жылдарының жүрек тебірентер әндері орындалып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Мәдени шараның негізгі мақсаты – ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел қорғаған қаһармандарға құрмет білдіру болды.