Қарағандыда полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды
30 наурызда Қарағанды қаласының Жедел басқару орталығына шұғыл қоңырау түсіп, Майқұдық ықшам ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің шатырында ер адам өзіне қол салуға ниеттеніп тұрғаны туралы хабарланған. Оқиға орнына дереу патрульдік полицияның жедел тобы жіберілді. Жасақ құрамында взвод командирі Құсайын Сметов, инспекторлар Нұрбек Көкенов пен Самат Ысқақов болды. Жағдайдың аса күрделі екенін жете түсінген тәртіп сақшылары тез әрі нақты әрекет ету жоспарын әзірледі. Қатерлі сәттің алдын алу үшін бірі төменде қалып, ер адаммен сөйлесіп, оның назарын аударды. Осы уақытта қалған екі қызметкер шатырға көтеріліп, оқиғаны бақылауға алды. Өзін-өзі өлтіруге бел буған азамат терең психоэмоциялық күйзеліс жағдайында болған. Сәтті мүмкіндік туған кезде полицейлер ер адамға жедел жетіп, оны қауіпсіз қашықтыққа шығарып үлгерді. Олардың кәсіби шеберлігі мен батыл әрекеттері адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Оқиға орнына жеткен медициналық жедел жәрдем қызметі ер адамды тексеріп, дене жарақаттары жоқ екенін растады. Эмоционалдық жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін ол одан әрі тексеру үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, 29 жастағы Қарағанды тұрғыны тұрмыстық қиындықтардың әсерінен осындай қадамға барған. Қырағы көршілердің уақтылы хабар беруі мен полицейлердің кәсіби әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың жолы кесілді. Бұл оқиға азаматтардың бейжай қалмай, мұқият болуы адам өмірін құтқарып қалуға сеп болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.