Қарағандылық полицейлер ұрланған Volkswagen Passat көлігін тапты
Қарағанды қаласында полицейлер ұрланған көлікті дер кезінде тауып, иесіне қайтарды.
Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 36 жастағы қала тұрғынынан автокөлік ұрлығына қатысты арыз түсті. Жәбірленуші «Volkswagen Passat» маркалы көлігінің үй ауласынан белгісіз біреулердің заңсыз айдап кеткенін хабарлаған. Оның айтуынша, келтірілген материалдық шығын шамамен 500 мың теңгені құрайды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын дереу бастап кетті. Нәтижесінде ұрланған көлік қаладағы өзге шағын аудан аумағынан бүтін күйінде табылып, иесіне қайтарылды. Алайда тәртіп сақшылары оқиғаны мұнымен аяқтамай, күдіктіні анықтау бойынша жұмысты жалғастырды. Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде ұрлық жасаған адам анықталды. Ол — Қарағанды қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Автокөлікті заңсыз иелену бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.