Жастар есірткіге қарсы
2025 жылдың «Профилактика жылы» деп жариялануына және республикалық «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жоғары сынып оқушыларымен «Жастар есірткіге қарсы» атты кездесуді ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық Достық үйінде өтті.
Басты мақсат — жастар арасында есірткіге қарсы сананы қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және болашағына бей-жай қарамайтын тұлғаларды ортаға тарту.
Кездесудің құрметті қонақтары — Олимпиада чемпионы, аты аңызға айналған боксшы, қазіргі таңда Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, сондай-ақ «Сарыарқа» хоккей клубының спортшылары болды. Қонақтар жастарға өмір жолындағы жетістіктері мен қиындықтарды жеңу тәжірибесін айтып, салауатты өмір салты мен табандылықтың маңызын түсіндірді.
— Есірткі — бұл жаһандық қауіп. Ол қоғамды, әсіресе жас ұрпақты құрдымға жетелейтін залалды құбылыс. Есірткі сатушылардың жалған уәдесі артында талқандалған тағдырлар, темір тор мен жіберілген мүмкіндіктер тұрады. Бұл — ұлттың болашағына қарсы жасалған үнсіз соғыс, — деп атап өтті Қарағанды қалалық ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Ольга Мельникова. Кездесу барысында жасөспірімдердің есірткі мен қылмыс әлемінің ықпалына қалай тап болатыны, сондай-ақ олардың ерте жастағы психологиялық ерекшеліктері мен тәуелсіздікке ұмтылуы есірткіге бейімділікке себеп болатыны айтылды. Біреу — қызығушылықпен, біреу — «жеңіл табыс» үшін, енді біреу — достарының қысымымен тәуекелге барады. Полицейлер кез келген есірткіге қатысты әрекеттің — бұл заңмен жазаланатын қылмыс екенін нақты түсіндірді. «Жай ғана қарап көру», «аздап ақша табу» немесе «жолдасқа көмектесу» деген ниеттің артында Қылмыстық кодекстің қатал нормалары мен өмірлік өкініш жататыны ескертілді. Қарағанды жастарының дұрыс таңдау жасап, өмірлік жолын денсаулық пен білімге негіздеуі — қоғам болашағының кепілі. Мұндай іс-шаралар жастардың санасында берік ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.