Қарағандыда тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға полицияның жас көмекшілері атсалысуда
Қарағанды қаласында "Жасөспірім" және "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шаралары аясында Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары аудан мектептерінің оқушыларымен бірлескен алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Оқушылар арасында құқық тәртібінің жас өкілдері — Ж.Ақбаев атындағы мектептің "Жас сақшы" сыныбының мүшелері мен №95 мектеп-гимназиясының жас жол инспекторлары белсенділік танытты. Интерактивті кездесулер барысында полицейлер мен олардың жас көмекшілері оқушылармен жол қозғалысы ережелері бойынша пікірталастар ұйымдастырды. Әсіресе, жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаты — жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Көлік қозғалысы сирек аудандарда жарық шағылыстыратын элементтерді киімге және велосипедтерге қолданудың маңыздылығы, сондай-ақ тұрғын аймақтарда жылдамдықты шектеу қажеттілігі жан-жақты талқыланды. "Жас сақшы" сыныбының оқушылары кіші сынып оқушылары үшін қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелері туралы шағын дәрістер өткізіп, құқық бұзушылықтың салдары жайлы түсініктемелер берді. Ал жас жол инспекторлары жолдағы дұрыс және қате әрекеттерді көрсету мақсатында көрнекі материалдар әзірлеп, интерактивті ойындар ұйымдастырды. Ювеналды полиция мен мектеп оқушыларының мұндай ынтымақтастығы жас ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда, заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ұйымдастырушылар Ә.Бөкейхан атындағы ауданның барлық оқу орындары мен қоғамдық ұйымдарын тарта отырып, аталған бастаманың аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.