Қарағанды облысының жолдарында қауіпсіздіктің жаңа көкжиегі: "Қауіпсіз жол" іс-шарасы басталды
Қарағанды облысында 19 сәуірден бастап жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шара аясында Қарағанды облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасына қарасты жол-техникалық инспекция бөлімі мен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ облыстық филиалының мамандары "Астана – Қарағанды (айналма жолмен) – Алматы" бағыты бойынша республикалық маңызы бар автожолға бірлескен рейд ұйымдастырды. Шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға ережелерді қатаң сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қарағанды облысының транзиттік өңір екенін ескерсек, бұл жолдар арқылы күн сайын он мыңдаған көлік құралдарының жүретінін атап өткен жөн.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында осы автожолдың 1358-шақырымына пилоттық жоба ретінде АДК-5 жарық шағылыстырғыш элементтері орнатылды. Бұл инновациялық құрылғылар қараңғыда және ауа райы қолайсыз кезінде жол белгілерінің көрінуін жақсартады. Әсіресе, жылдамдық жоғары болатын жол бөліктерінде олардың тиімділігі жоғары – жүргізушілерге жол жағдайын тез бағдарлап, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ, осы жол учаскесінде екі компонентті, АК-517 "Спринтер – DUO" технологиясымен орындалған жаңа жол белгілері сызылды. Бұл жабын жол белгілерінің тозуға төзімділігін арттырып, оларды ұзақ уақыт бойы айқын әрі көрнекі күйде сақтап тұрады.
Бұл жаңашылдықтар – жол инфрақұрылымын жаңғыртудың және өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы. Іс-шараның алғашқы үш күнінде жол-техникалық инспекция қызметкерлері 37 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 29 ұйғарым берілді. Жолдарды күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін 5 уәкілетті тұлға және техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға жібергені үшін 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.