Есірткіге қарсы бірге: Қарағандыдағы жастармен алдын алу жұмыстары
«Алдын алу жылы» мен «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қарағанды қаласындағы «Жастар» Мәдениет үйінде кәмелетке толмағандар арасында есірткі мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кең көлемді түсіндіру дәрісі өтті.
Іс-шараны Қарағанды қаласы Полиция басқармасының Қиров ауданы бойынша ювеналды полиция инспекторлары мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Ольга Мельникова ұйымдастырды. Кездесу барысында қатысушыларға есірткі және психоактивті заттарды тұтынудың зиянды физиологиялық және психологиялық салдары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Тақырыпты тиімді түсіндіру мақсатында бейнероликтер мен арнайы дайындалған презентациялар ұсынылды. Сонымен қатар, есірткі мен психотроптық заттарды тарату тәсілдеріне ерекше назар аударылып, жастарға мұндай құқықбұзушылықтарға куә болған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі түсіндірілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 296, 297 және 299-1-баптарына сәйкес жауапкершілік туралы нақты мәліметтер берілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік кодекстердің негізгі ережелері қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Аталған профилактикалық іс-шараға Қарағанды қаласындағы 9 мектеп пен агротехникалық колледждің 506 оқушысы қатысты. Дәріс оқушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, бұл жастар арасында есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастырудың өзектілігін айғақтайды.