Жеңіс жаңғырығы: Қарағанды полицейлері батырларды ұлықтап, патриоттық тәрбие беруде
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысы полиция департаменті бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастыруда. Бұл шаралар ел тарихына тағзым етіп, ерлікті ұрпақ санасына сіңіруді көздейді. Солардың бірі — Қарағанды қаласындағы Ж. Ақбаев атындағы мектепте өткен «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ерлік сабағы. Шараға «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары, облыстық ПД қызметкерлері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Іс-шара барысында жас буынға Ұлы Отан соғысы жылдарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі, олардың майдан мен тылдағы қайсарлығы мен жанқияр ерлігі жайлы мағлұмат берілді. Сабақты салтанатты түрде ашқан Қарағанды облысы ПД Тәрбие және кадр жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Ділмағамбетов жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қосқан еңбегі үшін ұстаздар мен полицейлерге алғысын білдіріп, белсенді оқушылар мен мектеп өкілдеріне департамент басшылығы атынан алғыс хаттар табыстады. ІІО ардагері Ерік Қуанышбеков 17–18 ғасырларда туған жерін жаудан қорғаған Қарағанды өңірінің батырлары туралы баяндап, тарихқа шолу жасады. Ал ардагер Қанат Каренов қарағандылықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, әсіресе әйелдерден құралған аңызға айналған танк экипажының ерлігіне тоқталды. Ардагерлер өз еңбектері жарық көрген кітаптарын мектеп кітапханаларына тарту етті. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері жас полицейлерге арнап Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі және қазіргі заманғы қару-жарақтардың көрмесін ұйымдастырды. Бұл шара Отан қорғаушылар буынының сабақтастығын паш етіп, жас ұрпаққа терең әсер қалдырды. Мереке аясындағы кездесуге оқушылардың орындауындағы патриоттық әндер мен музыкалық қойылымдар көрік беріп, іс-шараның рухани мазмұнын арттыра түсті.