Сен – жалғыз емессің! Күшіміз бірлікте! Қарағандылықтар есірткіге қарсы күресте
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Сен – жалғыз емессің! Бірге біз күштіміз!» атты есірткіге қарсы форум өтті. Аталған іс-шараға ішкі істер органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, дәрігерлер мен Қарағанды облысының жетекші колледждерінің студенттері қатысты.
Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров форум барысында студенттерге есірткі мен есірткі қылмысына қатысты қырағылық танытуға шақырды.
"Біздің мақсатымыз – жастарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ақпараттандыру, сондай-ақ есірткіге байланысты өкінішті қателіктерден сақтандыру. Жыл басынан бері 300 кг-нан астам есірткі, оның ішінде 19 кг синтетикалық есірткі тәркіленді, есірткі зертханасы мен үш фитозертхана жойылды. Ең алаңдатарлық мәселе – кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына тартылуы. 2024 жылы Қарағанды облысында 11 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, бүгінде бостандығынан айырылды. Олардың төртеуі – есірткі тасымалдаушылар. Жылдам табыс туралы парақшаларды таратқаны үшін биылғы қаңтар айында екі жасөспірім ұсталып, олардың ата-аналарына ірі әкімшілік айыппұл салынды, ал балалар полиция есебіне алынды", – деді Жасқайрат Қайыров. Форум аясында жастарға белгілі қоғам қайраткерлері мен сала мамандары құнды ойларымен бөлісті. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев табандылық пен салауатты өмір салтын таңдаудың маңыздылығын атап өтті. Қоғам белсендісі, Аналар кеңесінің мүшесі Жібек Камали әрбір өмірдің құндылығын еске салды. Жастар ресурстық орталығының директоры, депутат Якуб Джамалов жастар үшін ашық мүмкіндіктер жайлы айтты. Қалалық мәслихат депутаты Равиль Садыков есірткіге қарсы күресте заңнамалық базаның маңыздылығын түсіндірсе, психиатр-нарколог Жанерке Хасенова есірткіге тәуелділіктің ауыр салдары туралы баяндады.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшысы атынан есірткіге қарсы күреске қосқан үлесі үшін бірқатар колледж өкілдеріне алғыс хаттар табысталды. Аталған форум тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, есірткімен күресте жастардың басын қосқан маңызды іс-шара болды.