Қарағанды қаласы Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері студенттермен буллинг мәселесі бойынша ашық сұхбат өткізді
Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің акт залында Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері студенттермен ашық сұхбат өткізді. Кездесу барысында «Профилактика жылы» аясында жастардың өміріне кері әсерін тигізетін буллинг мәселесіне ерекше назар аударылды.
Аға инспектор Айнұр Жошина буллингтің түрлері мен салдарын түсіндіріп, қорлаудың заң алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті. Мұндай кездесулер зорлық-зомбылыққа деген төзімсіздікті қалыптастырып, білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта құруға ықпал етеді.
Диалог форматында өткен кездесуде полицейлер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, буллерлерге қолданылатын жаза түрлері мен буллингтен қорғану жолдары туралы айтты. Студенттер қиын жағдайларда қалай әрекет ету керектігі және көмекке қайда жүгінуге болатыны жөнінде ақпарат алды. Әсіресе, кибербуллингке ерекше назар аударылды, өйткені интернеттегі агрессия кейде физикалық зорлық-зомбылықтан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Әлеуметтік желілерді пайдалану кезіндегі сақтық шаралары мен қажетсіз контентті бұғаттау жолдары талқыланды.
Студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, белсенді түрде сұрақтар қойды. Полицейлер нақты ұсыныстар беріп, құқықтық аспектілерді түсіндіріп, мамандарға жүгінудің маңыздылығын атап өтті.
Бірінші курс студенті Илья Воеводин жасөспірімдер арасындағы осындай агрессия көріністерімен күресу қажет деп санайды: «Менің ойымша, буллинг құрбандары өз мәселелерімен бөлісіп, қолдау ала алатын анонимді форумдар құру керек. Әркім өзін жалғыз сезінбеуі тиіс, әрдайым тыңдап, көмек көрсетуге дайын адамдар бар екенін білу маңызды».
Кездесу соңында қатысушылар зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оқу орнында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірлескен шараларды жалғастыруға келісті. Қолдау қызметтері мен жедел желілердің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық материалдар таратылды.
«Бүгінгі дәрістен көп нәрсе білдім және полиция бастамасын толық қолдаймын. Мұндай кездесулерді жиі өткізу керек», – деді «Жігер» студенттік парламентінің президенті Бекболат Асанов.