Қарағанды облысында таза қанды Араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды

Қарағанды облысында таза қанды Араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды

Қарағанды облысы, Шет аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңгені құраған. -Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азаматтар ұсталды. Олардың барлығы Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, -деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев. Сондай-ақ, басқарма бастығының айтуынша жыл басынан бастап, облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыс аумағында "Мал ұрысы" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында өңірдегі автожолдарға 17 жылжымалы бекеттер қойылды.