
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерін кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылық мәселелері алаңдатады. -Мәселен, жыл басынан бастап қырық күн ішінде жасөспірімдермен 456 әкімшілік құқық бұзушылық жасалып, түнгі көңіл көтеретін орындарда заңды өкілдерінсіз жүрген 20 бала, қала көшелерінде түнгі уақытта жүрген 409 кәмелет жасына толмағандар анықталса, сонымен қатар ұсақ бұзақылық жасаған 5 бала анықталды. Балалар анықталған түнгі көңіл көтеретін 13 орынның иесіне әкімшілік хаттама толтырылса, ата-аналық борышын өтемеген 127 ата-ана жауапкершілікке тартылды,-деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуаныш Зәрубаев. Жасөспірімдер арасында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың жолын кесу мақсатында ақпан айының 14 нен бастап Қарағанды облысы аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Іс-шара барысында полицияның есебінде тұрған, сонымен қатар түнгі көңіл көтеретін орындарда жиі болуға бейім балалар тексерілетін болады. Сондай-ақ, олардың ата-аналарымен де жеке-жеке профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерімен оқу орындарында жоғары сыныптың оқушыларына да дәрістер оқылады.