
«Таза Қазақстан»: Қарағандыда бір аптада 9 840 абаттандыру ережесін бұзу фактісі анықталды. Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында абаттандыру талаптарының сақталуына бағытталған рейдтік жұмыстар күшейтілді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қарағанды қаласында аумақтарды абаттандыру, санитариялық тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері апта сайын рейдтер өткізіп, қоқысты белгіленбеген жерге тастау, қалдықтарды заңсыз жинақтау және абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін анықтап, олардың жолын кесуде. Бір апта ішінде қала аумағында 130 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 9 840 құқық бұзушылық анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты тұлғаларға 119 нұсқама берілді. Сонымен қатар заңсыз жинақталған қалдықтарды тасымалдау және басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында 13 көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінуде. Полиция қызметкерлері жеке сектор тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандардың өкілдерімен 300-ден астам түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында азаматтарға абаттандыру талаптарын сақтау, қоқысты белгіленбеген жерлерге тастамау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығы түсіндірілді. Полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін сақтау – тек талап емес, әр азаматтың қала тазалығына қосатын үлесі екенін атап өтті. Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі