
Балқашта демалыс күндері мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізуші жауапқа тартылды. Демалыс және мереке күндері Балқаш қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қала мен демалыс аймақтарында заң мен тәртіпті сақтау мақсатында күшейтілген қызмет режимінде жұмыс атқарды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Себебі жазғы демалыс маусымында азаматтардың мас күйінде көлік басқаруы және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиілейді. Мәселен, 7 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қала сыртындағы демалыс орындарына жүргізілген рейд барысында техникалық талаптарға сай келмейтін Toyota автокөлігін тоқтатты. Көлікті басқарған 19 жастағы азаматтың жүргізуші куәлігі болмаған. Сонымен қатар полицейлер оның алкогольдік ішімдік ішкеніне күмәнданып, медициналық куәландыруға жіберді. Сараптама нәтижесінде жүргізушінің мас күйде болғаны расталды. Аталған дерек бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Жалпы демалыс күндері Балқаш қаласының полицейлері мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізушіні анықтап, олардың барлығы заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ешқашан алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырады. Мас күйінде көлік басқару – жүргізушінің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық.