1000-нан астам ақбөкен мүйізі тәркіленді: Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы браконьерлікке қарсы күресті күшейтті

1000-нан астам ақбөкен мүйізі тәркіленді: Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы браконьерлікке қарсы күресті күшейтті

1000-нан астам ақбөкен мүйізі тәркіленді: Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы браконьерлікке қарсы күресті күшейтті. Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы браконьерлік пен табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде табиғатқа келтірілген елеулі залалдың алдын алып, заңсыз айналымнан көп көлемдегі аңшылық және балық аулау олжалары тәркіленді. 2026 жылдың алғашқы алты айында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 977 дерегі анықталды. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, 965 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде заңсыз айналымнан аспалы қозғалтқышы бар үш қайық, автокөлік, Қытайда өндірілген мотоцикл, жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын браконьерлік балық аулау торлары, 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, пневматикалық тапанша, алты оқпен жабдықталған револьвер және пышақ тәркіленді. Табиғатқа қарсы жасалған заңсыз әрекеттердің ауқымын айғақтайтын тағы бір көрсеткіш – тәркіленген заңсыз олжалар. Рейдтер барысында алты жабайы қабанның ұшасы, екі ақбөкеннің ұшасы, 728 келі балық және 1 018 ақбөкен мүйізі заңсыз айналымнан алынды. Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері браконьерлікке қарсы күресті тәулік бойы жалғастырып келеді. Олар орманды алқаптарда, аңшылық және балық шаруашылығы аумақтарында тұрақты рейдтер өткізіп, табиғат қорғау заңнамасының сақталуын жіті бақылауда ұстайды. Қарағанды облысы полиция департаменті табиғат байлығын заңсыз пайдалануға қатысты кез келген құқық бұзушылықтың жолы кесілетінін ескертеді. Жануарлар дүниесін, су биологиялық ресурстарын және өңірдің табиғи байлығын сақтау – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.