
Қарағандыда велосипед ұрлығына күдікті ұсталды. Қарағанды қаласының полицейлері велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктіні анықтап, ұстады. 2 шілде күні Қарағанды қаласы полиция басқармасының Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөліміне 30 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз адам 16-шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінен құны 15 мың теңге тұратын «Димех» маркалы велосипедін жасырын жымқырып кеткен. Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 47 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында оның бұған дейін облыс орталығы аумағында жасалған тағы екі велосипед ұрлығына қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Полиция азаматтарды қырағылық танытып, жеке мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Велосипедтерді көпқабатты үйлердің кіреберістерінде, баспалдақ алаңдарында немесе қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмаған жөн. Міндетті түрде сапалы құлыптау құрылғыларын пайдаланып, мүмкіндігінше күзетілетін немесе жабық орындарда сақтаңыз. Сонымен қатар велосипедтің сериялық нөмірін жазып алып, сатып алу құжаттарын сақтау ұсынылады. Бұл қарапайым сақтық шаралары ұрлықтың алдын алуға және ұрланған мүлікті жедел іздестіруге мүмкіндік береді.