Әуеден бақылау: Қарағанды облысында тазалыққа бақылау күшейтілді

Әуеден бақылау: Қарағанды облысында тазалыққа бақылау күшейтілді

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар қарқын алуда. Жыл басынан бері өңірде абаттандыру қағидалары мен санитариялық нормаларды бұзудың 21,6 мыңнан астам дерегі анықталды. Полиция қызметкерлері әсіресе заңды тұлғалар мен коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілігіне ерекше назар аударуда. Тексеру нәтижесінде абаттандыру талаптарын сақтамаған дүкендер, техникалық қызмет көрсету станциялары, жанармай құю бекеттері және құрылыс нысандары сияқты әртүрлі ұйымдардың 274 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал құқық бұзушылықты қайталап жасаған 175 жеке және заңды тұлғаға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Экологиялық бақылаудың нақты нәтижелері: * Облыс аумағындағы 89 бейберекет қоқыс үйіндісі жойылды; * Қалдықтарды заңсыз төккен 91 жүк көлігінің жүргізушісі анықталды; * Ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен жасырын қоқыс орындары анықталып, олардың көзін жою жұмыстары жүргізілді; * Аула аумақтарын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны және көктайғақ пен мұзды уақытылы тазартпағаны үшін 12 мүлік иелері бірлестігі төрағасы мен үйге жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірдің тазалығын сақтауға тұрғындар да белсенді үлес қосуда. Полицияның бастамасымен құрылған арнайы өңірлік интернет-платформалар арқылы 98 арыз-шағым келіп түсті. Әрбір хабарлама бойынша жедел тексеру жүргізіліп, құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Мәселен, 9 маусым күні Instagram әлеуметтік желісіндегі denski_blog парақшасында қоқыс контейнерлерінің шамадан тыс толып кеткені туралы бейнежазба жарияланды. Аталған жарияланымға полиция жедел әрекет етіп, тексеру нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару кестесін бұзған «ГорКомТранс» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде кәсіпорынға 64 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар күн сайын жалғасуда. Тек соңғы бір апта ішінде полиция қызметкерлері 1 162 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар қоқысты заңсыз төккен үш жүргізуші мен сегіз кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 14 профилактикалық кездесу өткізілді. Қарағанды облысы полиция департаменті тазалық пен тәртіпті сақтау – әрбір азамат пен кәсіпкердің ортақ міндеті екенін еске салады. Өңірді таза ұстау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.