
Қарағанды полицейлері ондаған азаматты алдап соққан алаяқтық схеманың жолын кесті. Тергеу мәліметінше, 29 жастағы қала тұрғыны бөтен адамдардың пәтерлерін ұзақ мерзімге жалға беремін деп, тұрғындарды алдап келген. Күдікті танымал онлайн платформалар арқылы пәтерлерді тәуліктік мерзімге жалдап алып, кейін сол баспаналарды төмен бағамен ұзақ мерзімге жалға беріледі деген хабарландырулармен қайта жариялаған. Тиімді ұсынысқа қызыққан азаматтармен кездесіп, өзін пәтер иесі ретінде таныстырып, алдын ала төлем алып отырған. Алаяқтың құрбандарының басым бөлігі – өзге өңірлерден келген азаматтар. Баспананың құжаттарын тексеруге мүмкіндігі болмаған олар күдіктінің сөзіне сеніп, қомақты қаржысын қолма-қол тапсырған. Осындай ақшалай есеп айырысулардың бірі көпқабатты үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалып, кейін тергеу барысында маңызды дәлел ретінде пайдаланылды. Жәбірленушілердің бірі – облыстың 23 жастағы тұрғыны. Ол интернеттен тартымды хабарландыру тауып, күдіктімен кездескен. Қажетті соманы толық төлегенімен, келесі күні пәтерге қоныстануға келгенде оның заңды иесімен бетпе-бет кездескен. Әйел өз тұрғын үйінің үшінші тұлғаларға қайта жалға беріліп жатқанынан мүлде хабарсыз болған. Осыған ұқсас жағдайға Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны да тап болған. Ол баспананы алдын ала брондап, ақшасын аударғанымен, Қарағандыға келген кезде әрі ақшасынан, әрі тұратын жерінен айырылғанын түсінген. Жәбірленушілердің арыздары негізінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Бүгінгі таңда тергеу барысында күдіктінің кемінде 10 алаяқтық дерегіне қатысы дәлелденді. Келтірілген материалдық шығын көлемі әр эпизод бойынша 100 мың теңгеден басталады.