
«Екі дөңгелекті» қылмыстық тізбек: Қарағанды полицейлері велосипед ұрыларын әшкереледі. Қарағанды қаласындағы Ә. Бөкейхан атындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлығымен айналысқан күдіктілердің әрекетін әшкерелеп, бірнеше ұрланған мүлікті заңды иелеріне қайтарды. Кезекші бөлімге 45 жастағы қала тұрғынының велосипеді ұрланғаны туралы хабарлама түскеннен кейін, полицейлер жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары 34 жастағы жергілікті тұрғынның ізіне түсіп, күдіктінің қатысы бар орындарды тексеру барысында оның танысына тиесілі сарайдан іздеуде жүрген велосипедпен бірге тағы төрт екі дөңгелекті көлік құралын анықтады. Тексеру кезінде олардың да ұрланғаны белгілі болды. Жүргізілген кешенді жұмыстар барысында жәбірленушілер анықталып, бұған дейін полицияға ресми арызданбаған бірнеше ұрлық дерегі әшкереленді. Атап айтқанда, өткен жылдың маусым айында 34 жастағы қарағандылық әйел 50 мың теңге тұратын велосипедінен айырылған. Шілде айында дәл осындай шығын 30 жастағы қала тұрғынына келтірілсе, тамыз айында 19 жастағы тұрғынның құны 100 мың теңгеге бағаланған велосипеді қолды болған. Сонымен қатар, 10 мамыр күні 36 жастағы қарағандылықтың велосипеді ұрланған дерек те ашылды. Келтірілген шығын көлемі 90 мың теңгені құрады. Аталған факті бойынша 16 жастағы жасөспірім анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленіп, қылмыстық істер материалдарына тіркелді. Полицейлер ұсталғандардың өңір аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.