
Қарағандыда зейнеткер соңғы ақшасынан айырылды. Қарағандыда 67 жастағы жергілікті тұрғын көше ұрыларының құрбаны болды. Егде жастағы әйел Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне сөмкесінен әмиянының ұрланғаны туралы арызданған. Оның айтуынша, оқиға қаладағы адам көп жиналатын базарлардың бірінде болған. Ұрланған әмиянда қолма-қол ақша ғана емес, маңызды құжаттар мен банк карталары да болған. Зейнеткер базарға барар алдында 60 мың теңге шешіп алған. Алайда бұл жалпы соманың тек бір бөлігі болып шықты. Әйелдің телефонына шоттан ақша шешілгені туралы хабарлама келген кезде дабыл қағылды. Кейін анықталғандай, келтірілген жалпы шығын көлемі 240 мың теңгеге жеткен. Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні ұстады. Ол — елордадан келген 43 жастағы ер адам болып шықты. Тергеу барысында полицейлер күдіктінің тағы бір қылмысқа қатысы барын анықтады. Тергеу мәліметінше, ер адам автокөліктен банк карталары салынған барсетканы ұрлап кеткен. Соның салдарынан жәбірленуші 47 мың теңгеден айырылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот шешімін күтуде. Қала полициясы тұрғындарды сақ болуға және адам көп жиналатын орындарда бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға шақырады.