Қарағандыда қос мерекеге орай полиция қызметкерлері марапатталды

Қарағандыда қос мерекеге орай полиция қызметкерлері марапатталды

Қарағандыда қос мерекеге орай полиция қызметкерлері марапатталды. Қарағанды облысы Полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға департаменттің жеке құрамы мен сала ардагерлері қатысты. Шара барысында Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Негмет Исмагулов жиналғандарды қос мерекемен құттықтап, олардың ел тыныштығын қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті. – Бұл қос мереке – Отанға адал қызмет етудің, елге деген сүйіспеншілік пен жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сіздер қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарып келесіздер. Күнделікті қызметтеріңізде кәсібилік пен табандылық танытып, халық сенімін ақтап жүрсіздер. Ардагерлерімізге айрықша алғыс білдіремін. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен ерен еңбектеріңіз – біз үшін үлгі, кейінгі буынға аманат. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық – сіздердің қажырлы қызметтеріңіздің нәтижесі, – деді департамент бастығы. Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәртіп сақшылары марапатталды. Ішкі істер министрінің құқығымен бірқатар қызметкерлерге арнайы атақтар, ведомстволық наградалар, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Жалпы 30-ға жуық полиция қызметкері министрлік деңгейінде марапат алса, департамент бастығының бұйрығымен 200-ге жуық қызметкер көтермеленді. Іс-шара соңы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістері мен полиция қызметкерлерінен құралған көркемөнерпаздар ұжымы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.