
Қарағандыда жол қауіпсіздігі күшейтілді: полиция мотопатрульдері қызметке кірісті. Қарағанды қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицияның арнайы мотопатрульдері қызметке кірісті. Жаңа бастама өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алып, әсіресе мотокөлік жүргізушілері арасындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған. Полицияның мотокөліктері қала көшелерінде ғана емес, сондай-ақ автокөлік жетуі қиын саяжай аумақтары мен тар көшелерде де қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жазғы маусым басталғалы мотокөлік жүргізушілері тарапынан жол жүру ережелерін бұзу деректері жиілеген. Өкінішке қарай, мұндай заң бұзушылықтар кей жағдайда қайғылы оқиғаларға алып келуде. Соның бірі — Ағадыр кентінде екі мотокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы, салдарынан екі адам көз жұмды. Осыған байланысты мотопатрульдердің жұмысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды құралға айналып отыр. Тек соңғы демалыс күндері облыс аумағында мотокөлік жүргізушілері тарапынан 38 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 7 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Бұқар-жырау ауданында жүргізілген рейд барысында 33 жастағы тұрғын мотокөлік басқару кезінде тоқтатылып, тексеріс нәтижесінде оның мас күйде екені анықталды. Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде тек демалыс күндерінің өзінде 30-ға жуық мотокөлік айыптұраққа қойылды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.