
«Адал полицей»: Қарағандыдағы зияткерлік сайыс үздіктерді анықтады. Қарағандыда «Адал полицей» атты зияткерлік ойынның ауқымды онлайн-турнирі өтті. Бұл додаға Қазақстанның әр өңірінен жиналған командалар қатысты. Астана қаласының, Қарағанды, Ұлытау облыстарының және көліктегі полиция департаменттерінің өкілдері білімдері мен стратегиялық ойлау қабілеттерін көрсетіп, ең адал полицейлер атағы үшін тартысты бәсекеге түсті. Төрт кезеңнен тұрған турнир қатысушылардан құқықтық тәртіп негіздерін ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін терең меңгеруді талап етті. Әрбір сұрақ эрудицияны ғана емес, жылдам талдау жасап, дұрыс шешім қабылдай білуді қажет ететін күрделі сынақ болды. Жарыстың шарықтау шегі соңғы кезеңде айқындалды. Онда Қарағанды облысының Полиция департаменті мен Астана қаласының Полиция департаментінің командалары бірінші орын үшін бақ сынасты. Тартыс аса шиеленісті өтті, себебі жеңіс қана емес, өңір атынан республикалық деңгейде өнер көрсету мүмкіндігі де сарапқа салынды. Қорытындысында, республикалық турнирге жолдаманы Астана қаласы Полиция департаментінің командасы жеңіп алды. Айта кетерлігі, турнир ұйымдастырушылары Қарағанды облысының ПД командасының капитаны — Тергеу басқармасының аға тергеушісі Нұрсұлтан Будеев үздік ойыншы ретінде танылды. Оның аналитикалық ойлау қабілеті, терең білімі мен көшбасшылық қасиеттері нағыз адал полицейдің үлгісін көрсетті.