Бұқар жырау ауданында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды

Бұқар жырау ауданында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды

Бұқар жырау ауданында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау бағытындағы рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Байқадам ауылы маңында жүргізген тексеру кезінде қоршаған ортаға зиян келтіретін деректерді тіркеді. Атап айтқанда, белгіленбеген орындарға қоқыс пен кәріз қалдықтарын төгу фактілері анықталған. Рейд барысында 35 жастағы жүргізуші арнайы ассенизатор көлігімен кәріз қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккені белгілі болды. Сонымен қатар, сол күні 30 жастағы тұрғын трактормен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген аумаққа төгу үстінде ұсталды. Аталған фактілер бойынша құқықбұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Заң талаптарын бұзған тұлғалардың көліктері айыппұл тұрағына қойылды. Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік пен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында мұндай рейдтердің тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады.