
Қарағандыда есірткіге қарсы ауқымды акция өтті: 2000-нан астам наркограффити жойылды. Қарағанды қаласында «Есірткіге қарсы бірге күресейік» ұранымен кең ауқымды есірткіге қарсы акция ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық полиция басқармасы өткізіп, оның басты мақсаты — жастар арасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамды есірткі құқықбұзушылықтардың алдын алуға жұмылдыру болды. Акцияға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 500-ден астам студенті, сондай-ақ еріктілер мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. -Іс-шараның негізгі бағыттарының бірі — есірткі жарнамасын жою. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде тыйым салынған заттарды таратуға арналған интернет-ресурстарға сілтемелері бар 2000-нан астам наркограффити боялып, жойылды,-деді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин. Сонымен қатар, акция аясында тұрғындармен кең көлемді түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қала тұрғындарына есірткінің зияны, есірткі қылмыстарға қатысқаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ олардың таралуына қарсы іс-қимыл жолдары түсіндірілді. Ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Полиция акцияға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершілік танытқан барша қатысушыларға алғыс білдіреді. -Есірткі қылмыстарының алдын алу және оларға қарсы күрес жұмыстары өңірде жүйелі түрде жалғасын табады,-деді Шахназар Салин.