
Қарағандыда Қазақстан Республикасы Парламентінің бастамасымен өткен «Senat Open» ашық шахмат турнирі мәресіне жетті. Ауқымды зияткерлік додаға 196 қатысушы жиналып, әрқайсысы өз шеберлігін сынға салды. Турнирдің басты сенсациясы – полиция өкілі, Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Саят Сатанов болды. Ол жоғары шеберлік, сабыр мен дәл есепке құрылған тактикасының арқасында барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, бірінші орынды иеленді. Саят Сатанов ішкі істер органдарындағы қызметін 2006 жылы тергеуші ретінде бастаған. Әріптестерінің айтуынша, оның аналитикалық ойлау қабілеті тек шахмат тақтасында ғана емес, күнделікті қызметінде де нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. – Бос уақытымда белсенді демалысты, әсіресе футболды ұнатамын. Дегенмен шахмат маған ерекше серпін беріп, стратегиялық ойлауды дамытады. Бұл – біздің қызметіміз үшін аса маңызды, – дейді жеңімпаз. Полиция подполковнигі Саят Сатановты лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!