Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдағы тәртіпті арттыру бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – полиция қызметінің күнделікті әрі басым бағыттарының бірі. Басты ұстаным – жазалау емес, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың саналы көзқарасы мен жеке жауапкершілігін арттыру. Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұловтың айтуынша, негізгі міндеттердің қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықпен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсету бар. Мәселен, «ДК Горняков» аялдамасы маңында патрульдеу барысында полиция қызметкерлері өзін жайсыз сезінген қызды байқап, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізді. Бұл – полиция қызметінің тек бақылаумен шектелмей, нақты көмек көрсетуге бағытталғанының айқын көрінісі. Күнделікті нұсқамаларда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдалану және жолдағы өзге де қауіпті әрекеттер қатаң бақылауда. Рейдтік іс-шаралар барысында Балқаш қаласында жалған нөмір тағылған Nissan автокөлігін басқару дерегі анықталып, тоқтатылды. 32 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған пышақ тәркіленіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Volkswagen Passat көлігінің 22 жастағы жүргізушісі көлігіне қызыл және көк түсті жарық құрылғыларын заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Жалпы, полиция қызметкерлері күн сайын шамамен 2000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде:
— мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші;
— көлік жүргізу құқығынан айырылған 5 адам;
— жалған нөмір пайдаланудың 5 дерегі;
— қарсы жолаққа шығудың 7 фактісі анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар дер кезінде тоқтатылып, олардың ауыр салдарының алдын алу қамтамасыз етілуде. Қарағанды облысының полициясы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау және көмекке мұқтаж әрбір жанға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.