Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік: полиция халық алдында есеп беріп, белсенді азаматтарды марапаттады

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік: полиция халық алдында есеп беріп, белсенді азаматтарды марапаттады

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік: полиция халық алдында есеп беріп, белсенді азаматтарды марапаттады. Теміртау қаласында Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың облыс тұрғындарына есептік кездесуі өтті. Ашық әрі мазмұнды форматта өткен жиында ведомство басшысы полиция қызметінің негізгі нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуді ашқан Негмет Исмагулов ішкі істер органдары үшін басты міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын, мүлкін қорғау екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыс деңгейі 5 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, кісі өлтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық және өзге де құқық бұзушылықтар саны азайды. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың қысқаруы тұрғындардың қауіпсіздік деңгейінің артқанын көрсетеді. Кездесу барысында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұндай құқық бұзушылықтардың саны 2,5 мыңнан асты. Олардың алдын алу мақсатында «Антифрод-орталық» жұмысы жолға қойылып, заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау, алаяқтық қоңырауларды анықтау секілді заманауи тәсілдер енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың бірінші тоқсанында интернет-алаяқтық 23 пайызға төмендеді. Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында бір жыл ішінде заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленіп, бірнеше нарколаборатория жойылды. Бұл ретте синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдаушылық туғызуда. Осыған байланысты жастар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу да басты назарда. Өңірде жасөспірімдермен және қолайсыз отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу шаралары қабылдануда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Есепті кезеңде 7,5 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған Негмет Исмагулов өңірде 1300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Осыған байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ орташа жылдамдықты тіркеу жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Бүгінде облыс аумағында 86 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған, бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысында ведомство басшысы қауіпсіздік – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді. Салтанатты жағдайда құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен азаматтар марапатталды. Олардың қатарында 2 сәуір күні Абай қаласында жоғалған баланы тауып, оның табылуына елеулі үлес қосқан Дауренбеков Әділжан бар. «Біздің басты мақсатымыз – Қарағанды облысының әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз сезінуі», – деп атап өтті Негмет Исмагулов.