Қарағандыда «алтын тауларды» уәде еткен алаяқ 15 миллион теңгені жымқырған

Қарағандыда «алтын тауларды» уәде еткен алаяқ 15 миллион теңгені жымқырған

Қарағандыда «алтын тауларды» уәде еткен алаяқ 15 миллион теңгені жымқырған. Қарағанды қаласының тұрғындары игі мақсатты желеу еткен алаяқтың арбауына түсті. Ол азаматтардың сеніміне кіріп, ондаған адамды алдап соққан. Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің кезекші бөліміне мазмұны бір-біріне ұқсас көптеген арыздар түсе бастаған. Әрбір өтініште алаяқтықтың бірдей тәсілі баяндалған, тек келтірілген шығын көлемі ғана әртүрлі. Қазіргі таңда полиция 11 қылмыстық эпизодты тіркеді. Келтірілген жалпы шығын көлемі 15 миллион теңгеге жеткен. Аталған іс бойынша 32 жастағы Қарағанды тұрғыны күдікті ретінде анықталды. Ол азаматтардың сенімін пайдаланып, балаларын жоғары оқу орындарына грант негізінде түсіруге «көмек» көрсетуді ұсынған. Жеңіл әрі беделді білім туралы уәделерін сенімді сөзбен, тіпті жалған құжаттармен бекітіп, ата-аналар мен талапкерлерді иландырған. Әрбір дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу-жедел тобы күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.