Наурызнама аясында Қарағанды облысының жас полицейлері «Динамо» алаңында ел біріншілігінде бақ сынады

Наурызнама аясында Қарағанды облысының жас полицейлері «Динамо» алаңында ел біріншілігінде бақ сынады

Наурызнама аясында Қарағанды облысының жас полицейлері «Динамо» алаңында ел біріншілігінде бақ сынады. Көктемнің лебі сезіліп, табиғат түлеп, барша жұрт асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен астасқан шуақты шақта Қарағанды облысының жас тәртіп сақшылары мерекелік көңіл-күйге спорттық серпін қосты. Даңқты «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының төрінде Қарағанды мен Теміртау қалаларынан жиналған «Жас сақшы» сыныптарының тәрбиеленушілері бас қосып, жігер мен шеберлік сынға түскен жарқын турнир өтті. Наурыз мейрамына арналған бұл дода «Жас Динамошы» қозғалысының аясында ұйымдастырылып, жас буынның бәсекеге қабілеті мен жеңіске деген құлшынысын айқын көрсетті. Жарысқа он мектептің үміткерлері қатысып, тек дене дайындығымен ғана емес, зерделілігімен де ерекшеленді. Үстел теннисінен өткен тартысты сайыста №17 ЖББМ оқушысы Ержан Жақсымұрат алтын тұғырдан көрінді. Күміс жүлдені №4 ЖБМ-ның Мейіржан Алпысов иеленсе, қола жүлде №Ж.Ақбаев атындағы ЖОББМ-ның Қуандық Амангелдіге бұйырды. Қыздар арасында №32 ЖББМ командасы топ жарып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші орынды №74 ЖББМ, ал үшінші орынды №17 ЖББМ командасы еншіледі. Зияткерлік ойындар да көрерменді бейжай қалдырмады. Тоғызқұмалақтан қыздар арасында №74 ЖББМ-ның Кәусар Дюсебекова жоғары шеберлік танытып, сенімді жеңіске жетті. Екінші орынды №76 ЖББМ-ның Аяла Болашақ иеленсе, үздік үштікті №Ж.Ақбаев атындағы ЖОББМ-ның Арзу Берикханова түйіндеді. Ұлдар арасындағы сайыста №74 ЖББМ оқушысы Ақниет Еркін жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс жүлде №17 ЖББМ-ның Ахметжан Эртовийге бұйырса, қола жүлдені №4 ЖББМ-ның Нұрдаулет Шалқарұлы иеленді. Дойбыдан өткен бәсекелер де ерекше тартысты өтті. Қыздар арасында №15 ЖББМ-ның Зәрема Тілек алтын медальға қол жеткізді. Күміс жүлде №Потанин атындағы ЖОББМ-ның Юлия Молчановаға бұйырса, қола жүлде №36 ЖББМ-ның Нұрайым Бейсембекке табысталды. Ұлдар арасында үшінші орынды Т.Бигелдинов атындағы мектептің Мұрат Ибрагимов иеленді. Екінші орын №32 ЖББМ-ның Арыстан Саматұлына бұйырса, жеңіс тұғырына көтерілген №74 ЖББМ-ның Қуанышбек Сараев алтын медаль иегері атанды.
Осылайша, Наурыз мерекесі аясында өткен бұл спорттық дода жас полицейлердің тек физикалық дайындығын ғана емес, олардың табандылығы мен зияткерлік әлеуетін де айшықтап, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.