
Аға инспектор Айгерім Боранбайдың күнделікті қызметтегі кәсібилігі мен жауапкершілігі
Полиция қызметінде әрбір секунд қымбат. Ал төтенше жағдайларда салқынқандылық пен шапшаң шешім қабылдай білу — қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Бүгін біз осы қағидаларды кәсіби ұстанымына айналдырған тәртіп сақшысын таныстырамыз.
Полиция майоры Айгерім Серікқызы Боранбай — Қарағанды қаласының Полиция басқармасы кезекші бөлімінің аға инспекторы.
Айгерім 1994 жылы табиғаты көркем Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Заң мен тәртіпке қызмет етуді мақсат еткен ол ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдап, кәсіби білім алады. 2012 жылдан бері ішкі істер органдарында табанды еңбек етіп келеді. Он жылдан астам уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтап, өз ісінің білікті маманы ретінде қалыптасты.
Оның жұмыс күні таңғы сағат 08:00-де басталады. Айгерім тәуліктік кезекшілікке түсіп, қаладағы барлық жедел ақпарат шоғырланатын маңызды буында қызмет атқарады. Кезекші бөлім — полиция қызметінің үйлестіруші орталығы. Мұнда әрбір хабарлама мұқият тіркеліп, жедел әрекет ету шаралары ұйымдастырылады.
Аға инспектордың негізгі міндеттері:
* жедел жағдайда нақты әрі тиімді шешім қабылдау;
* келіп түскен ақпаратты жедел талдау және жүйелеу;
* басшылыққа уақтылы баяндап, жасақшалар мен қызметтік күштерді дұрыс бағыттау.
«Менің жұмысымдағы ең басты қағида — жауапкершілік. Біз азаматтардың қиын жағдайы туралы бірінші болып хабар аламыз. Көмектің дер кезінде көрсетілуі біздің кәсіби іс-әрекетімізге тікелей байланысты», — дейді Айгерім Серікқызы.
Айгерім Боранбай үшін полициядағы қызмет — жай ғана мамандық емес, бұл қоғамға адал қызмет етудің саналы таңдауы. Жоғары жауапкершілік, тәртіпке беріктік және адамдарға көмектесуге деген шынайы ниет оны әріптестері арасында сыйлы, ал жас қызметкерлер үшін үлгі етеді.